Артқа оралу
Изображение новости

Nomad Insurance жарғылық капиталы 8,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды

30 қаңтар, 2025, 17:21

Nomad Insurance компаниясының 100% акцияларына иелік ететін жалғыз меншік иесі – «Nomad» Сақтандыру Тобы» ЖШС-нің түпкілікті бенефициары Алмас Мынбаев жарғылық капиталды қосымша ұлғайту туралы шешім қабылдады. 2025 жылғы 28 қаңтарда жарғылық капитал 5 млрд теңгеге арттырылып, оның жалпы көлемі 8,8 млрд теңгеге жетті.

Бұл шешім 2024 жылдың қорытындысы бойынша Nomad Insurance-тың сәтті қаржылық нәтижелеріне байланысты қабылданды. Компания 69 млрд теңгеге жуық сақтандыру сыйлықақыларын жинап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34,2%-ға артты. Қосымша қаржыландыру компанияға сақтандыру саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге, тәуекелдерді ішкі резерв есебінен көбірек ұстап тұруға және ағымдағы нарықтардағы позициясын нығайтып, жаңа халықаралық бағыттарға шығуға мүмкіндік береді.

«Жарғылық капиталды жоспарлы түрде арттыру – Nomad Insurance-ты одан әрі дамытуға бағытталған стратегиялық маңызды қадам. Клиенттер мен серіктестердің сенімі – біздің басымдылығымыз, ал қаржылық тұрақтылық – барлық міндеттемелерді орындаудың кепілі. Біз Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де өз позицияларымызды нығайта беретін боламыз», – деп атап өтті Nomad Insurance Басқарма төрағасы Дәурен Иманжанов.

Капиталдың өсуіне Nomad Insurance-тың бизнесінің Кедендік және Еуропалық одақ елдерінде, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африканың негізгі нарықтары, сондай-ақ Үндістан, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, АҚШ және Қытай сияқты елдерде кеңеюі себеп болды. Сонымен қатар компания Қазақстандағы сақтандыру секторын дамытуға да белсенді инвестиция салуды жалғастыруда.

Компания озық технологияларды енгізіп, қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізуде. Даму бағыттарының ішінде – тарифтерді жекелендіру, жасанды интеллектті қолдану арқылы процестерді автоматтандыру, клиенттік тәжірибені жақсарту және өнім желісін кеңейту бар. Бұл бастамалар Nomad Insurance компаниясының ұзақ мерзімді өсуінің негізі болмақ.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Nomad Insurance Қазақстандағы сақтандыру компаниялары арасында «жалпы сақтандыру» саласы бойынша жиналған сыйлықақы көлемі жөнінен үшінші, сақтандыру төлемдері бойынша төртінші орынды иеленді.

Бөлісу