Ситуацияны елестетіп көріңіз: сіз Жамбыл көшесіне шығасыз, кенеттен патрульдік көлік сізді тоқтатады. Нәтиже – қарсы жолаққа шыққаныңыз үшін жүргізуші куәлігінен айырыласыз. Сіз таңғаласыз, өйткені бұл бағытпен әрдайым жүргенсіз. Қайдан шықты бұл қарсы жолақ?
Мәселе мынада: енді Жамбыл көшесі – біржақты қозғалысты көше, ал сіздің үйреншікті бағытыңыз – қате. Не істеу керек, мұндай жағдайда не болады? Талқылайық!
Анықтама үшін: Тамыз айында Алматы қаласындағы бірнеше көше біржақты қозғалысқа ауысады. Олардың қатарында: Жамбыл, Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Гоголь, Мақатаев, Мұратбаев және Шәріпов көшелері бар. Әкімдіктің мәліметінше, бұл өзгеріс негізгі көшелердегі көлік жүктемесін азайтуға көмектеседі.
Қарсы жолаққа шығу – ауыр құқық бұзушылық
Ол үшін ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігіне сәйкес 6 айға дейін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.
Бірақ біржақты көшелерге қатысты жағдай өзгеше.
Себебі біржақты жолда қарсы жолақ болмайды! Бұл жағдайда сіздің әрекетіңіз ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабына жатады: «Жол белгілері немесе жолақтармен көрсетілген талаптарды сақтамау». Бұл үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады – бірінші рет бұзсаңыз. Егер бір жыл ішінде қайта жасасаңыз – 10 АЕК айыппұл.
Қалай болғанда да, достар, есте сақтаңыз: жолдағы қауіпсіздік – ең бастысы.
Абай болыңыз, жол ережесін сақтаңыз және өз құқықтарыңызды біліңіз.