Киберқауіпсіздікті күшейту бағдарламасы аясында және ішкі істер органдарымен ынтымақтастықта Nomad Insurance сақтандыру компаниясы өз кеңсесінде полицияның жедел-криминалистикалық бөлімшелерінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Іс-шараға өңірлік жедел-криминалистикалық бөлімшелердің басшылары мен мамандары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының өкілдері қатысты.
Қонақтарға компанияда қабылданып жатқан киберқауіпсіздік шаралары, сондай-ақ кибершабуылдардың алдын алу тәжірибесі туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Компанияның қауіпсіздік бөлімі мен IT-мамандары тарапынан жеке деректерге заңсыз қол жеткізбек болған күмәнді әрекеттердің алдын алу бойынша нақты мысалдар көрсетілді.
«Киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы бизнес үшін барған сайын өзекті мәселе болып отыр», – деп атап өтті ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ахмет Тораманов. «Кибершабуылдардың түрлері үнемі көбейіп келеді – қарапайым вирустардан бастап, ақша бопсалау мен ұрлауға дейінгі күрделі схемаларға дейін. Өкінішке қарай, Қазақстандағы көптеген компаниялар мұндай қауіптерге әлі дайын емес».
Ол сондай-ақ әлемдік тәжірибе бойынша ең көп шабуылға коммерциялық ұйымдар ұшырайтынын, ал қаржы секторы ерекше қауіп аймағында болатынын айтты. Қылмыскерлер әртүрлі әдістерді қолданады: компьютерлерді бұғаттап, төлем талап ететін вирустардан бастап, құпия ақпараттың таралуы мен есепшоттардағы қаржыны ұрлауға дейін. Ірі қаржылық айналымы мен көптеген серіктестері бар компаниялар киберқылмыскерлер үшін ең тартымды нысанға айналады.
«Қазақстанда киберинциденттер бойынша жинақталған нақты статистиканың болмауы жағдайды күрделендіре түседі. Ірі компаниялар шабуылдардың салдарын жоюға қомақты қаржы жұмсайды, ал шағын және орта бизнес үшін мұндай оқиғалар фаталды салдарға әкелуі мүмкін», – деп қосты қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы Динара Рамазанқызы Дюсембаева. «Сондықтан киберқауіпсіздікке барынша назар аудару қажет».
Кездесу соңында қонақтарға компания кеңсесі бойынша экскурсия ұйымдастырылып, Nomad Insurance-тің жоғары деңгейдегі киберқауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелері мен процестері іс жүзінде көрсетілді.