Астрология тек астрологтарды ғана емес, сақтандырушыларды да қызықтыратыны белгілі болды. Сақтандыру компаниясының талдаушылары жүргізушінің зодиак белгісі мен жол-көлік оқиғасына кінәлі болу мүмкіндігінің арасында байланыс бар екенін анықтады, сондай-ақ қай зодиак белгісіндегі жүргізушілер жол апатына жиі кінәлі болатынын көрсетті. Сақтандыру компаниясы 2015 және 2016 жылдардағы 1256 сақтандыру ісі бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
«Nomad» сақтандыру компаниясының талдаушылары Қазақстанда ең көп таралған сақтандыру түрі – көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша 2015 және 2016 жылдары жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін талдады, сондай-ақ ҚР жүргізушілерінің зодиак белгілеріне қарай ең қауіпті және ең қауіпсіз белгілерді анықтады. Сонымен қатар, әртүрлі зодиак белгілеріндегі жүргізушілер арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, олардың жүргізу стилі мен апатқа ұшырау ықтималдығы бағаланды.
20 ақпан мен 20 наурыз аралығында дүниеге келген Балықтар белгісіндегі жүргізушілер апаттарға ең жиі себепкер болады екен. Жалпы жол-көлік оқиғаларының 9,2%-ы осы белгідегілерге тиесілі. Алайда, әдетте бұл ұсақ апаттар болып келеді және шығын көлемі аз. Жүргізушілер бұл жағдайды қауіпті сәттерде сабыр сақтай білетіндерімен түсіндіреді, алайда кейде кептелістерде асығыс әрекет етіп, артық уайымға салынып, жағымсыз салдарға әкелетіндерін мойындайды. Көбінесе Балықтар белгісіндегі жүргізушілер көліктер арасындағы қашықтықты сақтамайды. Екінші орында – Шаяндар (22 маусым – 22 шілде), олар 8,9% жағдайда апаттарға кінәлі болған. Мұндай жағдайлар көбіне жол айрықтарында болады, сондықтан сақтандыру компаниясының мамандары Шаяндар белгісіндегі жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өткелдері мен қиылыстардан өткенде ерекше мұқият болуды ұсынады. Үздік үштікті Сарышаяндар (24 қазан – 21 қараша) мен Мергендер (23 қараша – 21 желтоқсан) аяқтайды. Айта кетерлігі, Сарышаяндар көбіне ауыр апаттарға ұшырайды.
Ал ең аз жол апатына себепкер болатындар – Бикештер (23 тамыз – 21 қыркүйек). Бұл белгідегі жүргізушілер жол-көлік оқиғаларының небәрі 6,71%-ына ғана кінәлі болған. Бұл көрсеткіш ең қауіпті зодиак белгісінен 24% төмен. Бұл белгідегі жүргізушілер өздерін өте ұқыпты әрі тәртіпті адамдар ретінде сипаттайды, олар жол ережелеріне, белгілер мен жол сызықтарына аса мән береді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында елде 9 941 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 мың адам зардап шеккен. Оның ішінде 1228 адам қаза тауып, қалғандары түрлі жарақат алған. Орталық Азия елдері арасында Қазақстан жол апатынан болатын өлім-жітім бойынша ең жоғары көрсеткішке ие. Төрт мыңнан астам апат – жаяу жүргіншіні қағып кету, шамамен 3 мың апат – жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу салдарынан 1553 апат, қарсы бағытта жүру немесе басып озу ережесін бұзу салдарынан 504 апат тіркелген. Жол апаттарының 90%-дан астамы жүргізушілердің жол жүру ережелерін өрескел бұзуынан орын алады. 9490 апат – жүргізушілердің кінәсінен болған, оның ішінде 337 жүргізуші көлікті мас күйде басқарған. Жол апаттарының үштен бірі Алматы қаласында тіркелген. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заңына сәйкес, Комитет тек адам өліміне немесе жарақатына әкелген жол апаттарын есепке алады.
«Бұл зерттеудің маңыздылығына күмәнмен қараушылар болуы мүмкін, дегенмен, біз сақтандыру жағдайының туындауы мен жүргізушінің зодиак белгісі арасында байланыс бар екенін дәлелдей алдық. Барлық зодиак белгілеріндегі жүргізушілер жол ережелерін қатаң сақтауы және міндетті автосақтандыру полисін уақытында рәсімдеуді ұмытпауы тиіс деп есептеймін. Сонымен қатар, ерікті автосақтандыру полисі көлікті ұрлық, апат, өрт, найзағай соғу сияқты түрлі қауіп-қатерден қосымша қорғайтынын атап өткім келеді», – деп мәлімдеді «Номад Иншуранс» компаниясының Басқарма төрағасы Иманжанов Даурен Касымханович.