Standard & Poor’s халықаралық агенттігінен “BB+” рейтингін иеленген қазақстандық “Nomad Insurance” сақтандыру компаниясы БАӘ-дегі Al Habtoor Motors компаниясына қайта сақтандыру шарты бойынша 240 миллион теңгеге жуық өтемақы төледі. Бұл төлем 2024 жылдың екінші тоқсанында елді жайлаған күшті жауын-шашын салдарынан келген шығындарды өтеуге байланысты жасалды. Al Habtoor Motors-тың кеңселері, жабдықтары мен көліктеріне зақым келген.
2024 жылдың екінші тоқсанында БАӘ-ге жауған нөсер соңғы 75 жылдағы ең күшті жауын-шашын ретінде тіркелді. Бір ғана күнде Дубайда жылдық нормадан екі есе көп жауын-шашын түсті. Бұл Дубай, Шарджа, солтүстік Әмірліктер мен Рас-эль-Хаймада үлкен зардаптарға алып келді.
1983 жылы негізі қаланған Al Habtoor Motors – Mercedes-Benz, Bentley, McLaren, Rolls-Royce және басқа да премиум-классты автокөліктерді сату және қызмет көрсету саласында маманданған. Компания автокөліктердің барлық түріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын да жүргізеді. Жоғары сапалы қызметі мен кең автокөлік таңдауының арқасында Al Habtoor Motors аймақтағы ең беделді әрі сенімді автодилерлердің бірі ретінде танылған.
“Nomad Insurance” PR бөлімінің басшысы Шакир Иминов былай деп атап өтті:
“Біз ірі тәуекелдерді сақтандыру және қайта сақтандыру саласында маманданамыз. Төтенше жағдайларда жедел әрі тиімді әрекет ете алатынымызға мақтанамыз. Клиенттер мен серіктестерімізбен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, қиын сәттерде бизнестің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз.”