ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕГІ САҚТАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ
CNBC мәліметінше пандемия басталғалы америкалық кәсіпорындардың 60 пайызы жұмысын тоқтатқан. Олардың қайта іске қосылуы екіталай,-дейді басылым. Ресейдегі кәсіпкерлердің 15 пайызы да коронавирус салдарынан биылдыққа қызмет көрсетпеуге бел буған дейді Газета.ru. Ал еліміздегі жағдай туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахмет мәлімдеген еді. Ақпарат порталдарының біріне берген сұхбатында ол «Қазақстандағы бизнестің 10 пайызы тоқырауға ұшырап, тағы 20 пайызы осындай күй кешуге жақын тұрғанын айтты».
Пандемия басталғалы әлемде көп сала дағдарысқа ұшыраса, кейбірі қатал шектеулер кезінде тіпті қиын жағдайға қалғаны белгілі. Әсіресе дерт туризмді жоюға шақ қалды. Сатылған міндетті сақтандыру полистерінің санына көз жүгіртсек, Қазақстан нарығы биыл 10 айда туроператорлар арқылы туристерді 912 млн теңгеге полиспен қамтамасыз еткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 60 пайызға кем. Шетелге шыққандардың арасында ерікті сақтандыру полисін рәсімдегендер де былтырғымен салыстырғанда 58 пайызға аз. Денсаулықты сақтау өніміне қатысты жағдай біршама жақсы дейді мамандар. Дегенмен шығын жоқ емес. 2020 жылы сақтанушылар былтырғыға қарағанда өз денсаулықтарын сақтау мен жазатайым жағдайдан сақтануға 5,6 млрд теңгеге кем қаржы жұмсаған.
ҚР Ұлттық Банкі берген мәліметтен басқа саладағы өнімдерге қатысты сақтандырушылар кірісінің артқанын байқауға болады. Мәселен, пандемия кезінде кәсіпкерлер жүк сақтандыруға былтырғы 10 айға қарағанда 180 млн теңгеге көп сыйлықақы жинаған. Мамандардың пайымдауынша, дағдарыс кезінде тәуекелдерден қорғануға көбірек мән берген жөн. Экономикалық тұрақсыздық кезінде ұрлық пен өзге де заңбұзушылықтардың саны артатыны белгілі. Осындай әрекеттерден болған шығынды сақтандыру компаниясынан өтеп алған әлдеқайда ыңғайлы әрі жеңіл.
Дағдарыс кезінде адам баласы да өзінің кенеттен түрлі қиындыққа тап болып, ұрлықшылар мне айлакерлер кесірінен жиған-тергенінен айырылып қалу қаупін түсінеді. Тіпті жол-көлік оқиғасына түсу де отбасылық бюджетке ауыртпашылығын түсіреді. Дағдарыс ұшығып тұрған бүгінгі таңда темір тұлпарды қалыпқа келтіру де оңай емес. Сондықтан да сақтандырудың ең өзекті мәселлердің біріне айналуы орынды дейді сарапшылар. Келген шығынды өз қалтаңыздан төлеп емес, сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру компаниясына жүктеген әлдеқайда тиімді болады.
ҚР Ұлттық Банкі сайтында жарияланған 2020 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес қазақстандықтар мүлкін сақтандыруға 2019 жылғыдан 21 млрд теңге көп қаржы жұмсаған. Көлікті ерікті сақтандыруға, яғни КАСКО өніміне деген сұраныс та артқан. Сақтандырушылар былтырғыға қарағанда 1,2 млрд тенгеге көп сыйлықақы жинаған.
Батыста сақтандыруға отбасылық бюджеттен ай сайын міндетті тұрде қаржы бөлініп отырса, ТМД елдерінде бұған салық ретінде қарайды. Сол себепті бұрынғы кеңестік елдерде жүктелген сақтандыру өнімдері ғана сұранысқа ие. Десе де, соңғы уақытта жағдай өзгеріп, халықтың сақтандыруға қатысты сауаты ашылып келеді. Әсіресе, бизнестегі кәпіскерлер сақтандырудың пайдасы мен тиімділігін ұғынған. Полис құны сақтандыру жағдайы салдарынан келген шығынмен салыстырғанда түкке тұрғысыз. Бүгінгі күні бизнес осыны жақсы біледі. Болашақта жеке тұлғалар да сақтанып жүрудің пайдасын саналарына сіңіріп, өздерінің қаржылық тұрғыдан қорғануына көбірек мән береді деп сенеміз.