КӨЛІГІҢНІҢ ТҮСІ ДЕ КӨП НӘРСЕНІ АҢҒАРТАДЫ

«Номад Иншуранс» СК сарапшылары жол-көлік оқиғаларына жиі түсетін көліктердің түсін анықтады
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 3 845 438 жеңіл көлік жүр. Барлық көлік иесінің шамамен 4/1 бөлігі ақ түсті таңдаған. Бір қызығы, 881 208 көлік санымен нарықтың 23 пайызын алып отырса да, ақ көліктер жол-көлік оқиғасына түсуден көш бастап тұрған жоқ.
Түсі бойынша рейтингіге ілінген ең көп көліктер: күміс түсті металлик – 294 151 көлік; қара – 274 971 көлік; күміс түсті – 186 261 көлік; сұр – 161 232; қызыл – 159 525.
Астыңыздағы темір тұлпарыңыз жасыл-көк түсті болса, Қазақстан төңірегінде екінші дәл сондай көлікті кезіктіруіңіз мүмкін емес. Себебі, сіздің көлігіңіз жалғыз, дейді біздің зерттеу. Жалпы еліміздің жолдарында бояуы қайталанбайтын 138 көлік бар екен. Жасыл-сарғыш және көкшіл-сары түсті көліктер де сирек кездесетіндердің қатарында.
Ал жол-көлік оқиғасына маржан түсті көліктердің жиі түсетіні анықталды. Дегенмен, бұл жаппай аталмыш бояулы көліктер жүргізушілерінің кінәсі дегенді білдірмейді. «Номад Иншуранс» СК сарапшыларының мәліметінше, 21 781 маржан түсті көліктің 967- сі жолда келеңсіздікке тап болған-ды. Демек, жол-көлік оқиғасына түсу жиілігі 4,4 пайызға тең. Ақ металлик, қара және күміс түсті көліктер де жол полициясы хаттамасында жиі кездеседі екен.
Ең "қауіпсіз" деп сафари бояулы көліктерді айтуға болады. Ресми мәліметке сүйенсек, 20 736 көліктің 51–і ғана жол-көлік оқиғасына қатысқан. Көкшіл және сары түс те "қауіпсіз" түстер қатарында.
Психологтардың пайымдауынша, көлік түсі тұлғаның мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына әсер етеді.
Мысалы, қара түсті көлік жүргізушілерінің көпшілігі мінезі тұйық, өз сөзінен қайтпайтын келеді. «Шумахердің» түсі – қызыл - батылдардың таңдауы, аса белсенді тұлғаларға арналған. Темір тұлпарыңыздың түсі күміс не көкшіл болса, сіз сабырлы, өзіңізге сенімді тұлға екеніңізді білдіреді. Жайдары мінезді, оптимистік көзқарастағылар сары түсті таңдайды екен. Ал, нағыз эстеттер үшін ақ түстен артығы жоқ.
Адамның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына түстің де әсері бар шығар, алайда жол-көлік оқиғасына тап болудың басты себебі түс емес екенін ескертеміз. Жол ережесін білмесеңіз сізді ең "қауіпсіз" түс те қиын жағдайдан арашалап қалмайтынын есте сақтаңыз!