САҚТАНДЫРУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ ҚАЖЕТ?
Сақтандыру туралы білу қажет 5 нәрсе:
1. Сақтандыру деген не?
• Сақтандыру – қаржылық шығындарды азайту немесе келтірілген зиянды өтеу үшін мүмкіндік беретін қызмет түрі.
• Бұл – сақтандыру жағдайы барысында келген шығынды өтеу үшін негіз болатын сақтанушы мен сақтандыру қызметін жүзеге асырушы арасындағы келісім-шарт.
• Ұрлық, індетке шалдығу, мүлікке келтірілген зақым, қаза болу сынды сақтандыру жағдайларынан келген шығынды азайтуда көмек болады.
• Өзіңіз таңдаған уақыт аралығында сіздің тәуекелдеріңізден қорғану мүмкіндігін береді.
Тәуекелдеріңізден қорғану үшін, яғни сақтандыру қызметі үшін сақтанушы «сыйлықақы» төлейді. Сақтандыру сыйлықақысы – сақтандыру қызметінің құны. Оны төлеудің де өз ережелері бар. Бұл сақтандыру өнімінің түрі мен қызмет ету мерзіміне байланысты. Аталмыш төлемнің мөлшері сізге төндіріп тұрған қауіп-қатер салдарынан болу мүмкін шығындарды негізге ала отырып есептеледі. Сыйлықақыны есептеуде сақтанушының жасы, денсаулығына берілген баға, өмір сүру тәртібі сынды мәліметтер ескерілетін сақтандыру өнімдері де бар.
Көлік пен басқа да мүлікті сақтандыруда полистің құны франшиза мөлшеріне тәуелді болады. Бұл – сақтандыру жағдайы орын алған кезде шығынның сақтанушының өз мойнына алатын қандай-да бір бөлігі. Мысалы, сақтандыру сомасы 500 000 теңгеге 50 000 тг франшиза қойылды делік. Егер сақтандыру жағдайы кезінде 25 000 теңгеге шығын келсе, ол өтелмейді.
2. Сақтандыру қызметінің жұмысы қалай жүзеге асырылады?
Сақтанушылардың полис сатып алғанда жасаған төлемі ортақ қаржы қоры - пулға түседі. Қаражаттың бір бөлігі сақтандыру жағдайына тап болған сақтанушылардың қаржылық қиындықтарын шешуге, шығындарын өтеуге жұмсалады. Сақтандыру қызметін жүзеге асырушылар барлық клиенттердің қаржылық шығындарын өтей бермейді. Келісім-шартта көрсетілген мәселелер төңірегіндегі зиян ғана өтелетінін ескеру қажет.
Сақтандыру жағдайына түскен азамат сақтандыру қызметін ұсынушы компанияға арыз жазады. Бұл - шығындарды өтеу туралы ресми құжат. Компания сарапшылары шығын мөлшерін анықтау мақсатында қосымша мәліметтер талап етуі мүмкін. Мысалы, зақым келген аймақтың, бүлінген мүліктік суреті, алынған жарақат туралы анықтама және т.б.
3. Сақтандырудың түрлері
Өмірді сақтандыру. Өмірді сақтандыруға қатысты уағдаластықтар сақтанушы опат болған жағдайда жүзеге асады. Келісім-шартта немесе полисте аттары аталған тұлғаларға сақтандыру сомасы төленеді. Сақтандыру сомасынан, төлемдері мен сақтанушы опат болған жағдайда төленетін жәрдемақыдан салық төленбейді.
Оқыңыз: Облагаются ли страховые выплаты налогом?
Ерікті медициналық сақтандыру
Бұл міндетті медициналық сақтандыру барысында қолжетімді болатын медициналық қызмет аясынан кеңірек көлемде мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі. Ерікті сақтандыру қызметтерінің арқасында ауыр дертке шалдыққандар мен қиын жарақат алғандар қажетті деңгейде медициналық көмекке жүгіне алады. Ем-дом шаралары сақтандыру келісім-шартында көрсетілген деңгейде сақтандыру сомасымен өтеледі. Кей сақтандыру өнімдері демалыста ауруға шалдығу салдарынан келген шығынды өтейді.
Жалпы сақтандыру
Өмірден басқаны сақтандыруды жалпы сақтандыру қызметін жүзеге асырушылар ұсынады. Бұл тұрғыда сақтанушыға тек сақтандыру уағдаластығына сай, полисте көрсетілген тәуекелдер мен қауіп-қатер салдарынан болған шығындар өтеледі.
Жалпы сақтандыру өнімдерінің негізгі түрлері
• Мүлікті сақтандыру
• Көлікті сақтандыру
• Жауапкершілкті сақтандыру
• Жазатайым жағдайдан сақтандыру/ жарақат алудан сақтандыру
• Соқтығысудан сақтандыру
• Кешенді сақтандыру
• Бизнесті сақтандыру
• Коммерциалық жылжымайтын мүлікті сақтандыру
• Азаматтық жауапкершілікті сақтандыру
• Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру
Мүлікті сақтандыру арқылы келісім-шартта көрсетілген себептерден тұрғын үйге, жеке бас мүлкіне, көлік пен бизнеске келтірілген шығыннан қорғануға, яғни зиянды өтеу үшін сақтандыру төлемдерін алуға мүмкін болады. Жазатайым жағдайдан сақтансаңыз, кенеттен жарақат алып, медициналық көмекке жүгіну барысында келген шығын өтеледі.
Қызметкерлерді түрлі қауіп-қатерден ұжымдық сақтандыру жалпы сақтандыру өнімдеріне жатады. Осы арқылы басшылық өзінің қол астындағылардың барлық тәуекелдерінен қорғанып, өз мекемесін түрлі шығындардан сақтай алады.
Ұжымдық сақтандыру қызметіне жүгінушілер қосымша кәсіпорын қызметкерлерін өндірістегі жазатайым уақиғалардан және кәсіби сырқаттан сақтандыруға, стоматологиялық сақтандыруға және жұмысшылардың өмірін сақтандыруға қызығушылық танытады.
4. Сақтандыру сыйлықақылары қайда жұмсалады
Сақтандыру сыйлықақысы қаржылай қордың бір бөлігін құрайды. Сақтандыру компаниялары өз қаржылық жағдайын мұқият басқаруы тиіс. Себебі бұл жұмыстардың нәтижесі сақтанушылардың сұраныстарын қанағаттандыруды және заңды сақтық қорының жасақталуын қамтамасыз етеді. Сақтандыру саласында қызмет көрсету үшін Заңға сәйкес белгілі бір сомаға тең қордың болуы шарт. Заңды сақтық қор - төтенше жағдай туындағанда сақтандыру компаниясының бір мезетте көптеген сақтанушының талабын орындай алуына кепіл.
5. Сақтандыру жағдайында арыз берушіге кеңес
Сақтандыру компаниясы уағдаластыққа келуден бұрын клиенттің берген мәліметтеріне сүйене отырып, қауіп-қатерлер деңгейін анықтайды. Осыдан кейін полисті беру не бермеу мәселесі шешеледі. Кей жағдайда клиент тәуекелдерін түсіну үшін медициналық тексерістен өту қажеттілігі туындауы мүмкін. Барлық талаптар орындалғаннан соң сіз өзіңізге тиесілі сақтандыру сомасының мөлшерін, полис құнын біле аласыз.
Кез-келген сақтандыру қызметін алуда мейлінше шынайы мәлімет беру абзал. Маңызды ақпарды жасырып қалу – сақтандыру жағдайына тап болғанда шығынның өтелмеуіне, сақтандыру төлемін жүзеге асырмауға негіз бола алатынын ескеріңіз.